ҚПЛ: «Атырау» өз алаңында «Елімайға» есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған ХVІІІ турындағы «Атырау» - «Елімай» (Семей) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

Фото: «Елімай» футбол клубы

Атыраулық команда Премьер-лигада орнын сақтап қалу жоспарын әлі толық орындай алған жоқ. Семейлік команда биылғы біріншілікті бестікте аяқтауға күш салып келеді.

Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан тартысты ойын өрбітті. Нәтижесінде семейлік клубтан 39-минутта Арсен Әшірбек өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Ойынның 85-минутында «Атырау» сапынан Дорде Пантелич таразы басын теңестірсе, 87-минутта «Елімайдың» жартылай қорғаушысы Жан-Али Пайруз қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша семейлік команда 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде үздік бестікке жақындай түсті.

Айта кетсек, бұдан бұрын кейінге қалдырылған ХVІІІ турдың ойынында «Ертіс» (Павлодар) өз алаңында «Астанаға» 0:1 есебімен есе жіберді.

Енді кейінге қалдырылған ХХІІІ тур ойындары 17 және 18 қазан күндері өткізіледі. Алдымен 17 қазанда «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Қызылжар» (Петропавл), «Жетісу» (Талдықорған) - «Қайсар» (Қызылорда), «Тобыл» (Қостанай) - «Жеңіс» (Астана), «Ақтөбе» - «Ордабасы» (Шымкент) кездеседі. Одан кейін 18 қазанда «Алтай» (Өскемен) - «Атырау», «Елімай» (Семей) - «Ұлытау» (Жезқазған), «Астана» - «Каспий» (Ақтау) командалары ойнайды.