ҚТЖ-ның 14 қарашадағы хабарламасында компания 12 қарашада жарияланған ақпаратты назарға алғаны айтылған. Қазіргі уақытта ұлттық компания жария болған мәліметтерден басқа бұл іске қатысты өзге ақпаратқа ие емес.
Компания Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін еске салды. Осы себепті әзірге қосымша түсініктеме бере алмайды.
— Осы хабарламаны дайындау кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жария түрде айтылғаннан басқа, осы мәселе бойынша ақпаратқа ие емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәліметтері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы кезеңде қосымша түсініктемелер бере алмайды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар ҚТЖ мен оның компаниялар тобы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Компания инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары мен іскерлік әріптестер алдындағы барлық міндеттемесі күшінде қалатынын және келісімшарт талаптарына сай орындалатынын растады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын растаған болатын.
Олар 11 қарашада ұсталған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, мұның алдында Елжан Отыншиев ұсталған соң, ҚТЖ жұмысы қалай жүріп жатқанын жазып едік.