Куба президенті АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын

Фото: thecaravelgu.com

АСТАНА. KAZINFORM – Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-пен талқыланатын мәселелердің ұзақ тізімі бар екенін және оның елі кез келген мәселе бойынша, бірақ қысымсыз немесе алғышартсыз, ел егемендігін құрметтей отырып диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NBC News

Куба президенті үкіметтің күрделі отын тапшылығына дайындалып жатқанын жариялап, Трамп әкімшілігінің аралға мұнай жеткізілімінің азаюына әкелген шараларын айыптады.

– АҚШ сияқты державаның елге қатысты осындай қылмыстық саясат жүргізіп, азық-түлік, көлік, ауруханалар, мектептер, экономикалық өндіріс және біздің өмірлік маңызды жүйелеріміздің қызметіне әсер етуі ерсі, - деп мәлімдеді Мигель Диас-Канель.

Диас-Канель кубалықтарда «жек көру сезімі жоқ екенін» және Солтүстік Америка халқының құндылықтарын бөлісетінін атап өтті. Алайда Куба президенті «қорғаныс жоспарын» әзірлеп жатқанын мәлімдеп, Куба – бейбітшілікті сүйетін ел және АҚШ-қа еш қауіп төндірмейтінін атап өтті. 

– Біз соғыс жағдайында емеспіз, бірақ әскери жағдайға өтуге мәжбүр болатынымызға дайындалып жатырмыз, - деп хабарлады Мигель Диас-Канель. 

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға мұнай жеткізуші елдерден келетін тауарларға жаңа тариф енгіземіз деп қорқытып, коммунистердің бақылауындағы аралға қысым жасауын күшейтті

Бұған дейін Дональд Трамп Кубадан ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіпке байланысты төтенше жағдай жариялады

Сондай-ақ АҚШ президенті Кубамен келіссөздердің басталғаны туралы хабарлағанын жаздық.