Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты 363 шағым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты өтініштер тексеріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты өтініштерді тексеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта прокуратураға осындай 363 шағым түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қарауында тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы 178 қылмыстық іс бар. Арнайы прокурорлармен 8 қылмыстық іс тергеуге алынды. Оның ішінде Атырау қаласындағы «Динамо» стадионында ұсталғандар мен болған оқиға, Алматы облысының полиция ғимаратындағы Батырбаевтың, кәмелет жасқа толмаған Есболатұлының және басқаларға күш қолдану туралы арыздары, сондай-ақ, өзге де қоғамдық резонанс тудырған фактілер», - Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, әрбір қылмыстық іс бақылауда тұр. Нақты нұсқаулар берілді. Процес прокурорлары тағайындалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылдың 16 ақпанындағы жағдай бойынша Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің тергелуіндегі барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауда.

Сонымен қатар, Елдос Қилымжанов ұрланған қарудың қай бөлігі табылғанын айтты.