Құрылтай сайлауында барлық 7 саяси партияның басшысы өз таңдауын жасады

АСТАНА. KAZINFORM - Алғашқы Құрылтай сайлауына қатысып жатқан 7 саяси партияның да төрағасы дауыс беріп болды.

Коллаж: Kazinform

Алғашқы болып «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау учаскесіне келді

Фото: «Әділет» партиясы

Екінші болып «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Иманбаев көшесі, 4 мекенжайында орналасқан № 83 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады

Фото: «Ауыл» партиясы

Қайрат Айтуғанов бүгінгі күнді ел үшін тарихи күн деп атады.

— Мен азаматтық борышымды орындадым, Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім. Бүгін ұлы күн, Қазақстанның жаңа бағыт алған күні. Мен бұл өте маңызды сәт деп ойлаймын және бұл күн Қазақстанның болашағы үшін жақсылықтың бастауы деп санаймын, — деді ол.

Ал Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді.

Фото: Kazinform / Ақбота Күзекбай

Дауыс бергеннен кейін Нұрсұлтан Шоқанов журналистерге бүгінгі күннің маңызына тоқталды.

– Бүгін бізде шын мәнінде мерекелік көңіл-күй. Өте маңызды күн. Оның маңызын асыра бағалау қиын. Меніңше, бүгінгі күннің нәтижесіне қарамастан, одан барлық қазақстандықтар мен еліміз ұтады, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Құрылтай сайлауында дауыс бере отырып, бүгінгі күннің ел тарихындағы маңызына тоқталып өтті

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

— Бүгін тарихи күн. Ел тарихында алғаш рет Құрылтайды сайлап жатырмыз. Бұл Президент бастаған саяси реформалардың нақты қадамы. Мен бұл жерге сайлаушы ретінде келдім. Менің дауысым осы кезекте тұрған кез келген адамның дауысымен тең. Бүгінгі күннің мәні де осында, — деді Азаматхан Әміртаев.

Сондай-ақ ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов № 332 Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді.

Фото: Kazinform

Дауыс бергеннен кейін Асхат Рақымжанов журналистерге бүгінгі күннің маңызына тоқталды.

— Бүгін көптен күткен күн келіп жетті. Бұл күн туралы көп айтылды, бәріміз күттік. Бүгін жаңа өкілді орган — Құрылтай құрылады. Осы орайда барша қазақстандықты құттықтағым келеді. Бұл күн тарихта қалады. Бірнеше сағаттан кейін бүгінгі күннің өзі тарихқа айналады, — деді Асхат Рақымжанов.

Одан бөлек Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №101 мектеп-лицейінде орналасқан №256 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді

Фото: respublica-partiyasy.kz

Таңдауын жасаған соң, ол сайлаудың маңызына тоқталып, бұл күнді Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басуымен байланыстырды.

– Тәуелсіздік шежіресіндегі алғашқы Құрылтай сайлауының тарихи мәні зор, жөні бөлек. Ел болашағын айқындайтын маңызды кезеңнің бастауында тұрмыз. Президентімізбен, халқымызбен бірге жаңа тарихты жазып жатырмыз. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басып отыр. Қуатты, прогрессивті, әділетті Қазақстан дәуірі басталсын! Еліміздің қадамы құтты болсын! – деді Айдарбек Қожаназаров.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай сайлауында дауыс беріп, бүгінгі күнді ел тарихындағы маңызды кезең деп атады.

Фото: "Ақ жол" партиясы

— Бүгін қазақ елі үшін үлкен мереке деп ойлаймын. Тарихымызда алғаш рет Құрылтайға сайлау өтіп жатыр. Халқымыз өзінің белсенділігін көрсетіп, сайлауға келіп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын, — деді Дания Еспаева.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді. Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» және Respublica партиясының тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.