Курс сататын блогерлерге шектеу қойылады — комитет
АСТАНА.KAZINFORM — Түрлі курс сататын блогерлерге шектеу қойылады. Бұл туралы СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.
— Қазіргі қолданыстағы (Тұтынушының құқығын қорғау туралы — ред.) заң оқыту курстары қызметіне таралмайды. Жаңа заң оқыту курстарына да жүретін болады, — деді ол
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы» атты форумда.
Спикер заң нормалары нақты қалай жұмыс істейтінін мысалмен түсіндірді.
— Енді нақты қандай жағдайларды реттейтініне көшейік. Расымен қазір азаматтарымыз түрлі тұлғалар ұсынатын курстарды сатып алады. Блогерлер деп те атап жатады, бір сөзбен айтқанда олар өздерін нақты бір тақырыпты жете білетін адам санайды. Олардың таныстырылымын тыңдап отырған кезде сатып алушы өмірі бір сәтте өзгеріп, жарқын кезең басталып кететіндей әсерде болады. Алайда оқудан соң шынайы өмірінде ондай өзгеріс болмайды. Осыдан кейін олар шағымданады. Сондықтан заң жобасында біз осы секілді жағдайларды ескердік. Оған сай қызмет көрсетушіге оның қызметін сатып алушыға сол курсты оқыған соң өмірі күрт жақсарып кететіні жайлы уәде беруіне тыйым салынады. Бұл шын мәнінде тұтынушыны адастыру, алдау болып саналады, — деп түйді сөзін Серік Құсайынов.
Еске сала кетсек, елімізде 2023 жылдың қыркүйегінен бері Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Қазір ол Мәжілістің қарауында.
Жаңа заң қабылданған соң тұтынушы 4 сатылы шағымдану кезеңдерінен өтпестен, бірден сотқа жүгіне алатын болады.
Тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты құрылады.
Электрондық сауда саласында да өзгеріс болады.
Әуе тасымалы саласында билет құнын қайтарып алу мүмкіндігін беретін норма да енгізілуі мүмкін.
Ақауы бар жаңа көлікті қайтарып беруге кедергі келтіретін норма жойылады.