Кушнердің айтуынша, ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен бірге Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковпен телефон арқылы сөйлескен. Тараптар бейбіт келіссөздердегі қол жеткізілген ілгерілеу мен алдағы қадамдарды талқылаған.
Бұдан бөлек, Украина өкілдерімен және Еуропадағы серіктестерімен де әңгіме өткен. Оған Германия, Франция, Ұлыбритания, Польша және Италияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері, сондай-ақ Еуропалық одақ пен НАТО өкілдері қатысқан.
Кушнердің сөзінше, талқыланған мәселелердің бірі — Еуропа мен Ресей арасындағы диалогты жолға қою.
Келіссөзге қатысушылар жақын арада өтеді деп жоспарланған келесі көпжақты кездесудің күн тәртібін әзірлеуге де кіріскен.
Кушнер қақтығысты тоқтатумен қатар, болашақта жаңа қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін қауіпсіздік жүйесін құру да басты мәселелердің бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол АҚШ-тың Украина және Еуропадағы серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқан үш негізгі бағытын атады. Олар — Украинаға сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін беру, оның Еуропалық одаққа қосылу мүмкіндігін қамтамасыз ету және экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірлеу.
Соңғы бағыт бойынша Еуропадағы серіктестермен, Дүниежүзілік банкпен және басқа да ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу көзделген. Бұл қаржылық тұрақтылықты қолдауға, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және инвестиция тартуға бағытталған.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ өкілдері Путинмен келіссөз жүргізгеннен кейін бірден олармен кездескені хабарланған болатын.
Зеленскиймен кездесудің алдында, 12 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз өткізді. Тараптар Абу-Дабиде өткен үшжақты консультациялардың қорытындысын, гуманитарлық мәселелерді, аумақтық реттеуді және алдағы диалогтың мүмкіндіктерін талқылады.
Бұл кездесуге дейін, 10-11 қарашада Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдері келіссөз жүргізген еді. Оның қорытындысы бойынша тараптар тұтқын алмасуға және дипломатиялық байланыстарды жалғастыруға келіскен.