«Жүк көлігін тексеру уақыты өзгермеді. Себебі, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік шекараны санаттау қағидаларының талаптарына сәйкес, бір жүк көлігін тексеруге 25 минут уақыт қарастырылған. Қырғызстаннан біздің елге қазір күніне 400-ден 500-ге дейін жүк көлігі кіріп жатыр», - делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Қазақстанға Қырғызстаннан жүк көліктері арқылы негізінен халық тұтынатын тауарлар (киім-кешек, аяқ киім, кеңсе заттары, қағаз бұйымдар және тағы басқасы), жеміс-көкөніс өнімдері (қарбыз, қауын, қызанақ, қияр және тағы басқасы), сүт өнімдері, құрылыс материалдары (бояулар, лактар, еріткіштер) тасымалданады.
«Жүк көліктерінің шамамен 60% транзит арқылы Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына өтеді», - деп нақтылады комитет.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, 2023 жылдың басынан Қырғызстаннан келген көліктерге жасырып, есірткі заттарын тасымалдаудың 20-дан астам фактісі анықталған.
Айта кетейік, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін тауарлардың (жүктердің) мониторингін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырады.
Биыл 21 тамызда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінің алдында жүк көліктері кептеліп тұрғаны хабарланған еді.
Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарада ешқандай шектеу қойылмағанын мәлімдеді.