АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында ерлер арасында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қытай құрамасындағы қазақ жігіті Тоқтарбек Таңатхан сенсация жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоқтарбек Таңатхан 80 келіге дейінгі салмақта ширек финалда екі дүркін олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Арлен Лопеспен шеберлік байқасты.
Тоқтарбек атақты қарсыласынан қаймықпай, айласын асыра білді.
Сөйтіп, ол жартылай финалға өтіп, жүлдегерлер қатарына ілікті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытай құрамасындағы қазақ боксшысының әлем чемпионатында қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан Дулат Бекбауов ширек финалға өтті. Ал Нұрқанат Райыс пен Серік Теміржанов ширек финалға шыға алмады.
Қарсыласын екі рет нокдаунға жіберген ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жартылай финалға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).