Дәстүрге айналған олимпиадаға Ресей, Өзбекстан, Иран, Түрікменстан, Қытай, Моңғолия сияқты алыс-жақын шет елдерден талантты жастар қатысуда. Олимпиаданың ашылу салтанатымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, алдағы халықаралық білім додасына қатысатын жастарға сәттілік тіледі.
- Бүгінгі Сыр елінде өткелі отырған халықаралық олимпиаданың басты мақсаты - әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарын нығайтуға ықпал ету, қазақ тілін меңгеру мәдениетінің деңгейін көтеру және тарихқа, тарихи Отанымыздың қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру. Әрі, талантты жастарға қолдау көрсету болып табылады, - дей келе аймақ басшысы білім додасында бақ сынайтын жас тіл жанашырларына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева шет мемлекеттерде тұратын отандастарды қолдау мақсатында аталмыш олимпиаданың 2004 жылдан бері өткізіп келе жатқанын айтты. Олимпиада шартына сәйкес шетелдердегі 8-11 сыныпта оқитын 20 жасқа дейінгі оқушылар жарысқа қатыса алады. Ашылу салтанатында қазылар алқасы таныстырылып, білім додасының 26 маусымға дейін жалғасатынын айтты. Жарыс жеңімпаздарына мемлекеттік және ЖОО-ның арнайы гранттары беріледі.