ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында каналға суға батып кеткен екі адамның бірі 33 жастағы ер адамның денесі үш күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, оқиға Жаңақорған ауданына қарасты Көктөбе ауылы аумағындағы Келінтөбе каналында 27 маусымда болған. Сол күні сағат 14.12-де Шымкент қаласында тұратын 1988 жылғы ер азамат пен Түркістан қаласының тұрғыны, 2008 жылғы қыз бала суға батып кеткен.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары 13 жастағы жасөспірімнің денесін 29 маусымда Қандөз ауылында көпірге 50 метр жетпейтін аумақтан тапқан болатын.
Ал ер азаматтың денесін іздестіру одан әрі жалғасқан еді.
«Бүгін, таңертең төтенше жағдайлар саласының мамандары оның денесін суға түскен аумағынан 3 шақырым қашықтықтан тапты», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.