Лифт есігін тепкілеп, істен шығарған ақтөбеліктер жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Үшеуі де ішімдік ішіп, көпқабатты үйдің ортақ мүлкін бүлдірді. Бір күннен соң олар 5 және 10 тәулікке қамалды.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде лифтке үш жігіт мініп, кейін бірі аяғымен есігін тепкілеп, жұдырықтайды. Салдарынан лифт есігі майысып, дұрыс жабылмай қалған. Тұрғындар осы оқиғадан кейін лифт есігі толық жабылмай қалғанын айтып, тоқтатып қойды. Полиция бейнежазба арқылы қала тұрғындарын іздеп тауып, әкімшілік жазаға тартты.

 

- Полиция құқық бұзушылардың кім екенін жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Лифтіні қасақана бүлдірген сол үйдің тұрғыны Бекзат Құрақбаев болып шықты. Оған және Ақтөбе облысының тұрғындары Азамат Торымов пен Саламат Жолдыбайға әкімшілік заңнаманың үш бабы бойынша хаттама толтырылды. Олар қоғамдық орында мас күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін сотқа жеткізілді. Сот шешіммен құқық бұзушылардың үшеуі де әкімшілік қамаққа алынды. Лифті есігін тепкен жауапкер 10 тәулікке, қалған екеуі 5 тәулікке қамалды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Лифтті бүлдірген ақтөбелік мас болып қалғанын, ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылордада пранк үшін лифтіде төбелес шығарған тұрғын жазаланды. Лифтіде сөзге кеп қалғандардың әрекеті төбелеске ұласқан.