Оның сөзінше, LRT ашылған сәттен бастап екі апта ішінде жолаушылар ағыны 1 млн адамға жетті. Күн сайын жолаушылар саны шамамен 65-75 мың адамды құрайды.
— Бұл көрсеткіш қалалық рельсті көліктің жаңа түрі елорда тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. LRT-ны белсенді пайдаланып, жаңа көлік жүйесіне сенім артқаны әрі инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарағаны үшін жолаушыларға алғысымды білдіремін, — деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім атап өткендей, Қосшы бағытындағы LRT-ның екінші кезеңі қолға алынды.
— LRT-ның Қосшы бағыты бойынша екінші кезеңін іске асыру жұмысы басталды. Жобаның жүзеге асуы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, — деп жазды шаһар басшыс Instagram-дағы парақшасында.
Еске салсақ, 16 мамырда Президент Astana LRT жұмысын іске қосты.
LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде Президентке 001 сериялы карта берілді.
18 мамырдағы жағдай бойынша, LRT іске қосылғаннан бері жолаушылар саны 180 мыңға жетті.
Осыған дейін Жеңіс Қасымбек LRT жобасы толық іске асса, ұзындығы 100 шақырымға жететінін айтты.