ІІМ шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларды шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

— Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігі Ішкі істер министрлігінің басты назарында. Полиция ата-аналарды кәмелетке толмағандарға рұқсат етілмеген және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жерлерде шомылуына жол бермеуге шақырады. Белгіленбеген жерлерде суға түсу ӘҚБтК-нің 364-бабына сәйкес ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу болып табылады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Қазіргі уақытта өңірлерде жасөспірімдердің суға абайсыздан бату салдарынан қайғылы жағдайлар тіркелуде. Осыған байланысты судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Оларды елемеу ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жаз мезгілінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу жұмыстары күшейтіледі. Осы орайда ІІМ ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіз әрі жауапты демалысын қамтамасыз етуге шақырады. Құқық бұзушылық фактілері анықталған немесе оларға куә болған жағдайда 102 нөміріне хабарласуыңызды өтінеміз, — деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ботакөз Жалекешова.

Айта кетейік, елорда құтқарушылары тәулік бойы кезекшілікке көшті.