ІІМ студенттерге үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу орындарында құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасады.

Фото: ІІМ

— Студенттердің қауіпсіздігі — тек қоғамдық тәртіп мәселесі емес. Бұл — ата-аналардың сенімі, оқу орындарының жауапкершілігі. Әрбір студент университетте, жатақханада өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.

Ішкі істер министрлігінің ұстанымы нақты: студенттер арасында зорлық-зомбылыққа, буллингке, ақшалай қысым көрсету және кез келген заң бұзушылыққа жол берілмеуі керек. Бүгінде полиция, әкімдіктер және жоғары оқу орындарының басшылығы осы бағытта бірлесіп жұмыс жүргізуде. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Оқу жылының басынан бері 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 дерегі анықталды.

Студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілген. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кіру-шығу тәртібі қамтамасыз етілуде. Жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 207 профилактикалық іс-шара, оның ішінде студенттермен және ұстаздармен кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

Студенттерге қолжетімді жерлерде учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері орналастырылған. Университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Алайда әрбір оқу орнының басшылығы студенттердің қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі өте маңызды.

Зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайды. Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп болуы мүмкін. Студенттерге де жеке тоқталғымыз келеді.

Ешкімнің сіздерді қорлауына, қорқытуына немесе заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүрлеуіне жол бермеңіздер. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе ақшалай қысым көрсету құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар. Сонымен қатар заң бұзғаны үшін студент мәртебесі жауапкершіліктен босатпайтынын түсінуі керек.

Әрбір заңсыз әрекетке тиісті құқықтық баға беріледі. Кінәлі адамдар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өрескел құқық бұзушылықтар болған жағдайда оқу орындары студентті оқудан шығару мәселесін қарауға құқылы. Біз бірлесіп жастар арасында заңды құрметтеу және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Заң мен Тәртіп қағидаты — әрбір адам сақтауға тиіс норма, — деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.

Айта кетелік елордада есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейді: алты қылмыстық іс тіркелді.