Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері полиция мал ұрлығына қатысы бар 460-қа жуық адамды ұсталған. Олардың ішінде 107 қылмыстық топтың мүшелері бар. Заңды иелеріне үш мыңнан астам мал қайтарылған.
— Мал ұрлығы ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Себебі көптеген отбасы үшін мал шаруашылығы негізгі табыс көзі. Сондықтан мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтарды анықтауға және олардың жолын кесуге ерекше назар аударылуда. Тамыз айында Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жылқы және ірі қара мал ұрлығына қатысты бірқатар қылмыс жасады деген күдікпен екі адамды ұстады, — делінген хабарламада.
Олардың тоғыз қылмыс эпизодына қатысы бары анықталды. 15-тен астам мал басы ұрланған. Күдіктілер жайылымда жүрген малды ұрлап, оны шалғай елдімекенге айдап апарып, сонда сойған. Ал етті кейіннен сату мақсатында Ақтөбе облысына жеткізіп отырған. Күдіктілер қамауға алынды.
Ауыл тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау, бақыланатын жайылым ұйымдастыру, GPS-трекерлерді пайдалану, сондай-ақ малды уақтылы таңбалау, чиптеу және есепке алу ұсынылады. Мұндай шаралар ұрлық тәуекелін азайтуға, ал қылмыс жасалған жағдайда ұрланған малды іздеп табуға мүмкіндік береді. Полиция мал ұрлығының алдын алу және ашу, азаматтардың мүлкін қорғау, сондай-ақ кінәлілерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.
Айта кетейік, БҚО-ның Шыңғырлау ауданында полиция қызметкерлері мал ұрлығының бірнеше дерегін ашты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі адамның мал ұрлығының тоғыз дерегіне қатысы бар екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер бірнеше ай ішінде бес ірі қара мен алты жылқыны ұрлаған.