«Мәңгілік Ел» пойызы мүшелері тұрғындармен кездесіп, түрлі шараларға қатысты - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Кеше ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жолға шыққан «Мәңгілік Ел» пойызы Қызылорда қаласында болды. Теміржол вокзалына жиналған тұрғындарға пойыз мүшелері шараның маңызын түсіндірілді.

Делегация мүшелері Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметкерлердің, түрлі сала басшылары мен қала тұрғындарының қатысуымен өткен жиында болды. Жиын барысында пойыз жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әміржан Әлпейісов, Астана қаласының «Қоғамдық келісім орталығы» директоры Талғат Жақиянов сөз алып, «Мәңгілік Ел» идеясын, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаhандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы Елбасының алға қойған басты міндеттер мен мақсаттарына тоқталды. Одан кейін қонақтар жоспарға сәйкес жұмыстарын жалғастырды.

Облыстық диагностикалық орталықта медицина мамандары тұрғындарды қабылдап, тегін кеңес беруде. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығында сала мамандары мемлекеттік қызмет түрлерін тиімді пайдалану жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар қала тұрғындары орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары бойынша сұрақтарына жауап алды.
Қонақтар №278 орта мектептің түлектерімен кездесу өткізіп, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» бағдарламасын түсіндірді. Әрі қарай «Қыз Жібек» мейрамханасында өткен мүгедек балаларға арналған қайырымдылық акциясына қатысты.

Мұнан кейін пойыз мүшелері Достық үйі ғимаратын аралап, түрлі этностың құнды жәдігерлері қойылған мұражаймен, концерттік зал, ЭМБ кабинеттермен және кітапханамен танысып, ҚХА Қызылорда облыстық хатшылығы басшылығымен, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшылығымен кездесті.
Одан әрі Достық үйінің мәжіліс залында «Бейбітшілік және келісім үлгісі - Қазақстан бренді» тақырыбында дөңгелек үстел, семинар-тренинг және фокус топпен жұмыс жасалады. Мұнда әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, пікір алмасты.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Корей тілін оқыту кабинетінің жұмысымен танысып, «Теңдессіз сыйлық» акциясы өтті. Пойыз мүшелері этносаралық қарым-қатынасқа арналған «Теңдессіз сыйлық» кітаптар жинағын Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасына сыйға берді.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ҚХА кафедрасының ұжымымен кездесу өтті.
«Мәңгілік Ел» пойызы акциясына қатысушы өкілдермен Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен брифинг өткізілді. Достық үйінің концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» акциясының гала-концертімен сапар қорытындыланды.