Маңғыстауда далаға шашылған қоқыс: әкімдік себебін түсіндірді
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев облыс аумағындағы қоқысқа толы аумақты бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялады. Бейнежазбада далада шашылып жатқан полиэтилен қапшықтар мен пластик бөтелкелерді, олардың арасында жайылып жүрген түйені көруге болады.
Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы түсініктеме берді.
— Бұл Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Баянды ауылында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында шашылған қоқыс. Ең алдымен, аталған нысан қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны екенін атап өтеміз. Мұнда қалдықтарды орналастыру және жинақтау белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жеңіл фракциялы қалдықтардың іргелес аумаққа таралуы кейбір жағдайларда технологиялық және табиғи факторларға байланысты болуы мүмкін, — делінген хабарламада.
18-сәуірде полигон аумағында жоспарлы санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілген. Алайда, 20-сәуірде полигон маңында өрт болды. Өртті сөндіру жұмыстары кезінде, сондай-ақ желдің күшеюі салдарынан жеңіл қалдықтар (қағаз және басқа да материалдар) негізгі орналастыру аймағынан тыс жерлерге қайта таралған.
— Аталған жағдай уақытша сипатқа ие екенін және полигонды күтіп-ұстау бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығына байланысты емес екенін атап өтеміз. Қазіргі уақытта полигон аумағы мен оған іргелес учаскелерді толық тазарту бойынша жедел жұмыстар ұйымдастырылып, тиісті қызметтер мен арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстауда нөсер жауыннан кейін жүзден астам жылқы қырылғанын жазған болатынбыз.