АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында ысталған балық өнімін тұтынғаннан кейін ботулизм белгілерімен ауруханаға түскен үш науқас емделіп, медициналық мекемеден шығарылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 қыркүйекте бір отбасының төрт мүшесі, оның ішінде кәмелетке толмаған бала, ысталған балық өнімін тұтынғаннан кейін ботулизм белгілермен медициналық көмекке жүгінген болатын. Науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.
Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған бала қайтыс болды. Қалған үш науқас дәрігерлердің бақылауында болып, емделіп шықты.
Бұған дейін Маңғыстауда балықтан уланған төрт адам жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз.
Кейіннен ауруханаға түскен 9 жастағы баланың туыстары көмек сұрағаны белгілі болды.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.