— Маңғыстау облысында қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге көрсетілген қаржылай көмектің бөлінуін бақылау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі туралы хабарлағым келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр, — деді Бекмұрат Жүсіпов.
Еліміздің ірі кәсіпорындары, кәсіпкерлері мен меценаттарынан түскен қаржыны жинақтау үшін арнайы «Ұлттық рух» қоры белгіленді.
— Түскен қаражаттың әділ әрі мақсатты бөлінуін қамтамасыз ету үшін арнайы Комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірді.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қорға түскен барлық қаражат Комиссия қабылдаған шешімдерге сәйкес және заңнамада белгіленген тәртіппен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әділ әрі теңдей бөлінді, — деді ол.
Сонымен қатар, болған оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке төлемдер қарастырылды. Оларға көрсетілген материалдық көмектің мөлшері Комиссия шешімдеріне сәйкес белгіленді.
— Қаражатты есепке алу мен бөлуге қатысты барлық шешім тек Комиссия шеңберінде қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделді және белгіленген құқықтық рәсімдер толық сақталды. Бұл жұмысқа қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысты.
Комиссия қаражаттың қор шотына түсуінен бастап, аударуға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылауды қамтамасыз етті.
Сонымен бірге, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жария етілмейді.
Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының бұл шешіміне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
Комиссия өз жұмысын аяқтады. Түскен қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлініп, қабылданған шешімдер тиісті құжаттармен рәсімделді. Сенім білдіріп, түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын, — деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.
Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.
Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.