Президент саябағында өткен экологиялық акцияда Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керектігін ескертті.
– Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, еліміз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жолында нық қадам басты. Табыстары көзге көрініп тұр, оны тұрғындар күнделікті өмірде пайдаланып та жүр.
– Бұған дейін атап өткенімдей, елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін таратудың маңызы зор. Олар қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді сәтті қолданып келеді. Орталық елорданың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлейді. Мұнда шетелдік тәжірибе де пайдаланылады. Барлық өңірде осы іспетті орталықтардың жұмысын уақыт оздырмай жолға қою қажет. Олар шаһарлардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.
Президент «Таза Қазақстанды» жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді ұсынды.