Майқайың алтын кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының рухына мемориалдық кешен ашылды

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Кешенде 2024 жылдың қаңтар айында ойыққа құлап қаза тапқан тау-кен құтқарушыларының есімі тасқа қашап жазылған.

«Майқайыңалтын» кеніші аумағында өзгенің өмірін құтқару жолында бақилық болған батыр құтқарушылардың рухына арналған мемориал ашылды.

2024 жылғы 4 қаңтарда алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кеткені мәлім. Апат салдарынан төрт құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Олар – Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан және Айып Тілеубергенов.

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

- Тау-кен құтқарушысы – ең қауіпті әрі құрметті мамандықтардың бірі. Олар әр сапарға өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелердің өмірін құтқаруға аттанады. Олар – нағыз батырлар. Олардың ерлігі мәңгі есте сақтауға лайық. Осынау сын сәтінде бірге болып, қиындықты бірге еңсерген кент тұрғындарына шексіз алғысымызды білдіреміз. Батырларымыздың ерлігі болашақ ұрпаққа жанқиярлықтың үлгісі болып қала береді, - деді мемориалдық ескерткіштің ашылуында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

Марқұм құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден шейіт болған батырларымыздың рухына көрсетілген құрмет үшін көпшілікке ризашылығын жеткізді. Жиналғандар мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

Еске сала кетейік, Майқайың алтын кенішіндегі қайғылы апаттың алғашқы күні екі құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты. 

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды. 

19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды. 

Фото: Майқайың кентінің әкімдігі

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды. 

Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз. 

Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды. 

Қазіргі уақытта апаттық оқиға бойынша қылмыстық іс Екібастұз қалалық сотында қаралып жатыр.