«Майқайыңалтын» кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотында «Майқайыңалтын» кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының ісі бойынша алдын ала сот отырысы өтеді.
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі бүгін төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғаларға қатысты алдын ала сот отырысы болатынын хабарлады.
— Бүгін Баянауыл аудандық сотында «Майқайыңалтын» кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушының ісі бойынша алдын ала сот отырысы өтеді. Отырыс сағат 15.00-ге белгіленген. Алдын ала тыңдаулар өтуіне байланысты отырыс жабық режимде болады, — деп мәлімдеді өңірлік соттың баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.
«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталғаны туралы бұған дейін жазғанбыз. Олар — «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин, директордың бірінші орынбасары Қанат Баширов, орынбасары Иван Терешков, Майқайың жер асты кенішінің директоры Андрей Шувалов пен оның орынбасары Берік Назыров, кеніштің бас инженері Дінмұхамед Қайыпқанұлы.
Кейін олар сот шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылып, үйқамаққа жіберілді.
Олар тергеу амалдары аяқталғанша үйлерінде болатыны айтылған.
Ал биылғы ақпан айында Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындады. Олардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы, екіншісі бөлімнің бас маманы болып қызмет еткен. Лауазым иелері 2016 жылы «Майқайыңалтын» кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылған. Аталған уақытта шахта ішіндегі бетон қоспасын төсеу ережелерінің бұзылғаны анықталғанымен, тиісті шаралар қабылданбаған. Кейін олар бетонның шын мәнінде құйылғанын тексерместен қажетті құжаттарға қол қоя салған. Бұл немқұрайлылық 2024 жылы қайғылы оқиғаға алып келген.
Сот мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысына үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал бас маманның бас бостандығы 2 жылға шектелді. Сондай-ақ бөлім басшысы болған азамат мемлекеттік қызметте және қаржылық ұйымдарда еңбек ету құқығынан өмір бойына айрылды. Екінші айыпталушыға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау және бақылау қызметіне байланысты лауазымдарды үш жыл бойына атқаруға тыйым салынды.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті.
Ал 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.
Баянауыл аудаынының әкімдігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшірітіні туралы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ «Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» толықтай сатып алды.