Майқайыңдағы апат болған алтын шахтасы қашан іске қосылады?
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Алтын кенішін тексеріп шыққан арнайы комиссия 33 тармақтан тұратын кемшіліктерді көрсетіп берген. Оны қалпына келтірген компания басшылығы енді тау-кен жұмыстарының жоспарын ұсынған жағдайда кеніштің қайта ашылуына рұқсат берілуі мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеніштегі апат пен оның маңындағы үйлердің мәселесін прокуратура құрған тергеу тобы зерделеп жатқанына байланысты шахтадағы кен қазу жұмыстары 4 қаңтардан бері қаңтарылып қалған еді.
Сол уақытта 185 жұмысшы жалақысының 50 пайызы сақталуымен мәжбүрлі демалысқа жіберілген. Кейін олардың біраз бөлігі кәсіпорынның өзге құрылымдық бөлімшелерінен жұмыс тапса, кейбірі өзге кәсіпорындарға ауысып кетті.
Бүгін құтқарушылар шахта маңындағы ойыққа түсіп қаза болған соңғы құтқарушының денесін алып шыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Ендігі ретте «Майқайың-алтын» АҚ-ның қызметкерлері шахтаның тезірек ашылуын күтіп отыр. Себебі соңғы жарты жыл бойы кәсіпорынның кен байыту комбинаты қалдық кенмен жұмыс істеп келген.
Апат болған алтын кеніші өз жұмысын қашан қайта жалғастырады?
Бұл сауалды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмаз Олжағұловқа қойдық.
- «Майқайың-алтын» АҚ-ға қарасты алтын кеніші маңындағы апат салдарынан ішінде төрт құтқарушы бар автобус топырақ арасына құлап кетті. Міне, арада жеті айға жуық уақыт өткенде соңғы құтқарушы қазып алынды. Марқұм құтқарушылардың туыстарының көңілдері орнына түсті деп ойлаймыз. Ал алтын шахтасының қайтадан іске қосылуы туралы мәселе жақын күндері белгілі болып қалады. Бұл үшін ең әуелі кен өндіруші кәсіпорын біздің департаментке тау-кен жұмыстарының жоспарын ұсынуы керек. Оны республикалық комитетіміз құптаған жағдайда шахта өз жұмысын жалғастыра алады. Бұған дейін арнайы комиссия жер астындағы шахтаның жай-күйін зерделеп, 33 тармақтан тұратын кемшілікті жою туралы ұйғарымды акционерлік қоғам басшылығына жөнелткен. Бұл олқылықтардың орны толтырылып, кеніш өз жұмысын бастауға дайындалып жатқаны анық,-деп жауап берді Kazinform тілшісінің сауалына Алмаз Олжағұлов.
Еске сала кетейік, Астана соты алтын кенішіндегі қайғылы оқиға 100% «Майқайың-алтын» АҚ-ның кінәсінен болған деген шешім шығарды.
Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Майқайыңдағы апат бойынша 21 адам кінәлі деп танылуы мүмкін екенін айтқан.