Мектеп пен емханалар: Алматыда 18 нысан сейсмикалық тұрғыда күшейтілді

Фото: freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алдағы уақытта сейсмикалық ерте ескерту станциялары көбейеді.

Алматы қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының жауабына сәйкес, мегаполисте еліміз бойынша алғашқы ерте хабарлау жүйесі енгізілді. Қазір қала аумағында 28 ерте ескерту станциясы орнатылған және олар Mass Alert жүйесімен байланысқан. Ал 2026 жылдың соңына дейін жаңа 70 станцияны орнатылады.

— Қазіргі уақытта 30 датчикті орнату үшін орындардың нақты орналасуын анықтауға бағытталған ғылыми-зерттеу және далалық жұмыстардың нәтижелері түзетілді. Жабдықтар сатып алынып, станцияларды орнату үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы 40 жаңа станцияны орнату жұмыстары жалғасады, — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство қала бойынша 843 сиреналық-дыбыс қондырғылары бар екенін атап өтті. Олар мектеп, аурухана, балабақша сынды 530-дан астам нысанмен байланысқан. Сондай-ақ алматылықтар жер сілкінісі кезінде бара алатын 8 аудан бойынша 384 халықты қабылдау пункттері бар.

— Республика аумағында орналасқан 98 сейсмикалық станция мен бақылау пункттері негізінде сейсмикалық белсенділікке тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қаладағы сейсмикалық жағдай жөніндегі комиссияның отырысы апта сайын түсетін қорытындыларға сәйкес өткізіледі. Станцияларда 160 түрлі параметр бойынша сейсмологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық бақылаулар жүргізіледі, — деп түсіндірді басқармадан.

Одан бөлек Алматыда 2024-2025 жылдары 18 нысанда сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 15 білім беру және 3 медицина мекемесі.

Еске салайық, өткен айда алматылықтарға жер сілкінісі туралы хабарлама келді.

Кейін Алматы маңында жер дүмпуі болғаны белгілі анықталды.

ТЖМ Алматыдағы 28 сейсмостанцияның бірі жер сілкінісін тіркеп, хабарландыру жібергенін мәлімдеді.