Мектепте амандасу әдебін тәрбие жұмысының элементі ретінде енгізу қажет — Ерлан Сайыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізу қажет. Бұл туралы Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлеріне сауал жолдаған депутат Ерлан Сайыр айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деп атап өтті. Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет — концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Мәдениет — адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті — ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі, — деді ол.

Депутаттың атап өтуінше, қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр.

— Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі — ұстамдылық. Сәлемдесу — сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз, — деді Ерлан Сайыр.

Фото: Видеодан скрин

Осыған байланысты Құрылтай депутаты:

— амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды;
— мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді;
— сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды;
— мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау мәселесін көтеріп, 2030 жылға дейін әрбір ауыл баласына кемінде бір тегін үйірме немесе секцияға нақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды.