Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаралық және дінаралық келісім саясатына және «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатына бейіл екенін мәлімдеді.
— Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан — бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының мықты өндірістік базасы «Халықтық құрылыста» зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
— Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жолаушылар автобусын шығаруға пайдаланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда келешекте болаттың мұнай, атом және машина жасау өнеркәсібінде сұранысқа ие өте сапалы түрлері шығарылады, — деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысқанын жазғанбыз.