Мемлекетке қайтарылған Алматы ипподромында не өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл тамыз айында Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылғаны белгілі болды.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында ипподром аумағы тиісті функционалдық аймаққа бекітілгенін хабарлады, яғни, қалалық ипподром тарихи және спорттық мақсаттағы біртұтас нысан ретінде сақталады.

Kazinform агенттігі қала басшылығына жүгініп, мемлекетке қайтарылған спорттық нысанның болашағына қатысты алдағы жоспарларын нақтылады.

Ипподром тарихы

Алматы ипподромы 1930 жылы құрылған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы жылқы шаруашылығы мен ат спортына арналған байырғы нысандардың бірі болып есептеледі. Оның аумағы — 39,1 гектар. Тарихи тұрғыдан ипподром шамамен 3 мың көрерменге және 300-ге жуық жылқы ұстауға есептелген. Онда күрделі жөндеу жұмыстары 1965 және 1985 жылдары жүргізілген.

1990 жылдардағы жекешелендіру нәтижесінде ипподром мемлекеттік меншіктен шығарылған. Ал 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкрот болғаннан кейін мүліктік кешен жеке құрылымдарға сатылып кеткен еді. 2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматы ипподромы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды.

Фото: Алматы әкімдігі

Алдағы жоспар

Агенттік сауалына жауап берген Алматы қаласының спорт басқармасы қазіргі уақытта нысан басқарма теңгерімінде тұрғанын атап өтті.

Ведомство мәліметіне сәйкес, бүгінде ипподром инфрақұрылымының техникалық жай-күйін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленбек.

— Аталған құжаттама бекітілгеннен кейін нысанның техникалық жағдайын жақсартуға және оны одан әрі пайдалануға қажетті жағдайлар жасауға бағытталған жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстардың нақты көлемі мен іске асыру мерзімдері жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін айқындалады, — деп хабарлады спорт басқармасынан.

Сонымен қатар ведомство өкілдері бүгінде Алматы ипподромы ұлттық және ат спорты түрлерін дамыту, спортшылардың оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру және спорттық жарыстар өткізу мақсатында пайдаланылып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда: ипподром аумағында көкпар, теңге ілу, садақ ату, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп келеді.

— Алдағы уақытта да ипподромды ұлттық спорт түрлері бойынша спортшыларды даярлау, сондай-ақ қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу мақсатында пайдалану жоспарланған, — делінген жауапта.

Фото: Алматы әкімдігі

«Тұлпар» кешенінің жай-күйі

Былтыр Алматы ипподромының жанында орналасқан «Тұлпар» ат спорты кешені мемлекетке қайтарылды. Жетісу аудандық прокуратурасы 2019 жылдың 5 наурызындағы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Nomad’s Land» ЖШС арасындағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген. Сот шешімімен аталған мәміле жарамсыз деп танылып, нәтижесінде «Тұлпар» кешені қала қарамағына өтті.

Кейін Алматы қаласының спорт басқармасы нысан Ұлттық және ат спорты спорт клубының жедел басқаруына берілгенін айтқан болатын.

Kazinform агенттігі сол уақыттан бері нысанда қандай өзгеріс болғанын сұрап, жауапты ведомствоға қайта жүгінді. Алайда осы жолғы жауабында спорт басқармасы «Тұлпар» кешені Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша қалалық спорт клубының жедел басқаруына әлі берілмегенін хабарлады.

Ведомство жауабына сәйкес, Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 19 тамыздағы № 3/583 қаулысы бойынша кешен нысаналы мақсаты бойынша пайдалану үшін Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының басқаруына бекітілген. Алайда нысанның банк кепілде болуына байланысты оған қатысты мүліктік құқықтарды мемлекеттік тіркеу рәсімі аяқталмаған.

— Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті кепілді тоқтату туралы сотқа талап арыз беріп, ол сот шешімімен қанағаттандырылды. Аталған сот шешімінің 2026 жылғы 24 қарашада заңды күшіне енуі күтіледі. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін кепілдік ауыртпалықты алып тастау және мүліктік құқықтарды мемлекеттік тіркеу рәсімдері белгіленген тәртіппен жүргізілетін болады, — деп нақтылады басқарма өкілдері.

Сондай-ақ нысанға қатысты құқықтық рәсімдер толық аяқталғаннан кейін оны ұлттық және ат спорты түрлерін дамыту, спортшылардың оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру, спорттық жарыстар өткізу мақсатында пайдаланылатыны атап өтілді.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, Алматы облысында «Барыс» автобазарының жері мемлекетке қайтарылды.