МИ-8 тікұшағының апаты: Ақтөбеде әлі тергеу жүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Іс Қылмыстық кодекстің «Ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу» бабы бойынша қозғалған. Тергеудің жүріп жатқанына 10 айдан асты.
ҚР Бас әскери прокуратурасы МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауына қатысты тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады.
- ҚР Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 464-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүргізілген кешенді тергеу әрекеттерінің нәтижесіде түпкілікті процестік шешім қабылданады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа да деректері жария етуге жатпайды,- деп хабарлады ҚР Бас әскери прокуратурасы Kazinform сауалына.
Еске салсақ, Қылмыстық кодекстің «Ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу» бабындағы абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер бөлігінде 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда бұл қылмыстық істе нақты кім күдікті екені белгісіз.
Еске салсақ, 9 қарашада Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы аумағында тікұшақ апатқа ұшырап, жанып кетті.
Бортта үш адам болған. Оның біреуі оқиға орнында көз жұмды.
Кейіннен Ақтөбеде тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Ал Ақтөбе облысының әкімдігі Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңында болған тікұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсететінін мәлім етті.
Бірер күннен кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Ақтөбе облысында тікұшақ апатына қатысты түсінік берді. Ол басты нұсқа ретінде техникалық ақау қарастырылып жатқанын айтты.