Михаил Кукушкин Глазго турнирінің жартылай финалында ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 293-ракеткасы Михаил Кукушкин Глазго (Ұлыбритания) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде өзінен он саты жоғары тұрған германиялық Том Генчпен кездесті.
Кукушкин матчты екі сетте бітіре білді — 6:2, 6:4.
Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде 38 жастағы қазақстандық спортшы 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Генч 12 эйспен көзге түсті.
Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 300-ракеткасы, чехиялық Гинек Бартонмен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 218-орындағы корт иесі Йоханнус Мандейді жолдан тайдырды — 7:6 (7:2), 6:3.
Аталмыш жарыс қоры — 56 700 еуро. Дода жеңімпазы 8 550 еуроға қоса 50 рейтингілік ұпайға ие болады.
Қазақстанның әйелдер арасында жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.
А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова — қытайлық Чжан Шуайға есе жіберді — 4:6, 6:2, 8:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық біріншілігіндегі қарсыластары анықталды.