Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде өзінен он саты жоғары тұрған германиялық Том Генчпен кездесті.
Кукушкин матчты екі сетте бітіре білді — 6:2, 6:4.
Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде 38 жастағы қазақстандық спортшы 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Генч 12 эйспен көзге түсті.
Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 300-ракеткасы, чехиялық Гинек Бартонмен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 218-орындағы корт иесі Йоханнус Мандейді жолдан тайдырды — 7:6 (7:2), 6:3.
Аталмыш жарыс қоры — 56 700 еуро. Дода жеңімпазы 8 550 еуроға қоса 50 рейтингілік ұпайға ие болады.
Қазақстанның әйелдер арасында жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.
А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова — қытайлық Чжан Шуайға есе жіберді — 4:6, 6:2, 8:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық біріншілігіндегі қарсыластары анықталды.