Теннисшінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, соңғы жарысы биылғы қазанда өтетін Almaty Open ATP 250 турнирі болмақ.
М.Кукушкиннің айтуынша, теннис еңбек немесе спорт қана емес, оның өміріне айналды. Бала күнінен бастап ол армандап, күресті, ұтылысқа төзіммен қарап, жеңісті бағалады, ешқашан берілмеуді үйренді.
Осы жылдар ішінде бақытты сәттер мен өкініштер, жарақаттар мен қайта оралу, жарқын табыстар мен ауыр жеңілістер – бәрі де болды.
Сондай ұзақ жолдан өткен теннисші әрдайым қасында болған өзінің отбасына, командасына, бапкерлеріне, достары мен әріптестеріне және жанкүйерлеріне алғыс айтты.
- Қазан айына дейін уақыт бар. Әлі де бірнеше турнир, жаттығулар күтіп тұр. Мен соңғы матчыма шығар кезде бар күшімді жұмсаймын, үлкен арманы бар бала кезімдегідей ойынның ләззатына бөленемін. Бәрі үшін тенниске рахмет. Осынау теңдессіз саяхаттың бір бөлігі болған сіздің әрқайсыңызға рахмет. Қазанда көріскенше! – деп жазды М.Кукушкин парақшасында.
Ресейдің Волгоград қаласында дүниеге келіп, алты жасынан теннис ракеткасын ұстаған Михаил Кукушкин 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алды.
М.Кукушкин спорттық жолындағы ірі табысы – 2010 жылы Санкт-Петербург турнирінде топ жарды. Сондай-ақ 2014 жылы Азия ойындарының чемпионы атанып, Дэвис кубогы матчтарында Қазақстан намысын қорғады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростан кейін Бублик үшін Штутгарт турнирі сәтті бола ма, соны жазған едік.
Сондай-ақ Соня Жиенбаева Қытайдағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жеңді.