Мин Аун Хлайн Мьянма президенті болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM – Мин Аун Хлайн жұма, 3 сәуір күні Мьянма Одақ ассамблеясындағы (парламент) дауыс беруде 50 пайыздан астам дауыс жинап, президент сайлауында жеңіске жетті, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Фото: Синьхуа

Мьянманың Одақ ассамблеясының барлық өкілдерінен құралған президенттік сайлаушылар алқасы жұма күні президентті сайлау жөніндегі отырысын өткізді. Оған 584 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Халық өкілдері жиналысы (төменгі палата) депутаттар тобы ұсынған Мин Аун Хлайн 429 дауыс алды.

Ал екі палатаның әскери өкілдері ұсынған кандидат У Ньо Со 126 дауыс жинады. Ұлттар жиналысы (жоғарғы палата) депутаттары ұсынған Нан Ни Ни Эй 29 дауысқа ие болды.

Елдің сайлау жүйесіне сәйкес президент үш вице-президенттің арасынан сайлаушылар алқасы арқылы таңдалады.

Еске сала кетсек, Жапонияның тұңғыш әйел премьерінің партиясы сайлауда жеңіске жеткенін жаздық.

Ал Солтүстік Кореяда Ким Чен Ын КХДР Еңбек партиясының бас хатшысы қызметіне қайта сайланды. Енді ол президент статусын алуы мүмкін. Бұл мәселе алдағы тоғызыншы партия съезінде және одан кейінгі Жоғарғы Халық жиналысының отырысында қарастырылады.