«Минералдық ресурстарға қызығушылық артты»: АҚШ Орталық Азияға назарын күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана төрінде халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жиында сөз алған АҚШ Сауда министрінің орынбасары, АҚШ және шетелдегі коммерциялық қызметтің бас директоры Дэвид Фогель Вашингтонның Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, минералдық ресурстар секторы мен өндірістік тізбектерді дамытуға баса назар аударып отырғанын жеткізді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, АҚШ бұл бағытты жаһандық жеткізу жүйелерін қайта қалыптастырудағы стратегиялық фактор ретінде қарастырады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Біз Орталық Азиямен, әсіресе Қазақстанмен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік орнатуға мүдделіміз. Бұл тек ресурстарды игеру немесе жеткізу тізбектері туралы емес, бұл — толық экожүйе қалыптастыру туралы мәселе, — деді ол.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Фогельдің сөзінше, Қазақстан АҚШ үшін маңызды серіктес ретінде қарастырылады, себебі елдің ресурстық әлеуеті жоғары әрі халықаралық ынтымақтастыққа ашық.

— Қазақстан біз үшін өте маңызды серіктес, өйткені мұнда ресурстық әлеует өте жоғары және ынтымақтастыққа ашықтық бар. Біз тек шикізат өндірумен шектелмейміз — мақсатымыз өндірістің барлық тізбегін дамыту: барлау, өндіру, өңдеу, — деді ол.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, АҚШ-тың бұл ұстанымы Орталық Азияның жаһандық өнеркәсіп үшін маңызы бар минералдар нарығындағы рөлінің артуымен тікелей байланысты болып отыр. Вашингтонның жаңа экономикалық бағыты өңірде инвестициялар мен технологиялық әріптестікті күшейтуге жол ашуы мүмкін.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұдан бөлек Қазақстан Сауд Арабиясымен де тау-кен металлургия секторындағы әріптестікті күшейтуді қолға алды.

Айта кетейік, бүгін елордада тау-кен металлургия саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі — 16-Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға 15 елден 69 компания қатысып жатыр. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Италия, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия және Швеция секілді мемлекеттер бар.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бұған дейін айтулы шараға қатысқан Үкімет басшысы 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан шамамен 470 млн доллар инвестиция салынатынын атап өткен еді.