Таңдалған сегіз компанияның қатарында Blue Origin, Firefly Aerospace, Intuitive Machines, iSpace US, Lockheed Martin, Northrop Grumman, SpaceX және Voyager Technologies бар.
NASA бұл туралы Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығында өткен MAX POWER аэроғарыш көрмесі мен авиашоу барысында мәлімдеді.
Commercial Lunar Payload Services 2 (CLPS 2) деп аталатын жаңа бағдарлама аясында компаниялар Айға жүк жеткізу қызметін көрсетеді. Олар NASA-ның ғылыми зерттеулерге, технологиялық әзірлемелерге және инфрақұрылымға арналған жүктерін Айға тасымалдайтын қону аппараттарын басқару, құрастыру және пайдаланумен айналысады.
NASA сонымен қатар ядролық энергиямен жұмыс істейтін Polar Rover for Observation, Mapping, and In-Situ Exploration атты Ай роверин әзірлеу жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Алты доңғалақты ровер Айдың оңтүстік полюсіне қонып, оның беткі қабаты мен жер қойнауын зерттейді. Сондай-ақ табиғи ресурстардың әлеуетін бағалап, болашақта қону алаңдарын таңдау, инфрақұрылымды дамыту және зерттеу жұмыстарын жоспарлау үшін қажетті деректер жинайды.
NASA мәліметінше, ядролық қуатпен жүретін ровер Айдағы ұзақ түндерде және үнемі көлеңкеде болатын аймақтарда да жұмыс істей алады. Ғалымдар мұндай жерлерде мұз қоры болуы мүмкін деп есептейді. Бұл мүмкіндік Айда адамның ұзақ уақыт бойы тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін аса маңызды саналады.
Ай бетіндегі инфрақұрылымның мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында NASA шағын байланыс және күн энергиясы мұнарасына арналған коммерциялық компоненттерді сатып алуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында күн панельдері, аккумуляторлар және сымсыз энергия беру жабдықтары бар.
Айта кетейік, бұған дейін NASA-ның Swift ғарыш обсерваториясы ғарышта 20 жыл болғаннан кейін Жерге құлағанын хабарлаған еді.
Ал оған дейін аталған ғарыш обсерваториясын құтқару операциясы аясында NASA орбитаға алғашқы роботын ұшырған еді.
Сондай-ақ NASA Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылғанын мәлімдеді.