«Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-қа жеткізілді. Бірнеше сәт бұрын олар ұшақ бортынан түсті», деді телеарна жүргізушісі тікелей эфирде.
Трансляция кадрларынан сұр түсті костюм киген ер адамның траппен төмен түсіп келе жатқанын және оны көптеген құқық қорғау органдары қызметкерлері қоршап жүргенін көруге болады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған фотосуретте Николас Мадуро дәл осындай киіммен жүрген еді.
Алдын ала хабарланғандай, жақын уақытта Мадуро мен оның жұбайының саусақ іздері алынып, фотосуреттері түсіріледі. Бірқатар америкалық БАҚ-тың мәліметінше, олардың соттағы алғашқы тыңдалымы 5 қаңтарда өтпек. Сол уақытқа дейін олар жоспар бойынша Бруклиндегі уақытша қамау изоляторында отырмақ.
Еске сала кетсек, Венесуэла президенті жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланғанын жаздық.
Ал кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның әйелі кемемен Нью-Йоркке жеткізілетінін мәлімдеді.