Неаполь маңындағы жанартаулық аймақта соңғы жылдардағы ең күшті жер сілкінісі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның оңтүстігіндегі Неаполь қаласына жақын орналасқан Флегрей алаңдары жанартаулық аймағында магнитудасы 4,7 болатын жер сілкінісі болып, төрт адам жарақат алды. Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлер мен шіркеулерге зақым келді, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Tasnim

Италияның Ұлттық геофизика және вулканология институтының (INGV) мәліметінше, негізгі жер сілкінісінен кейін магнитудасы әртүрлі 10 афтершок тіркелген.

Мамандардың айтуынша, жұма күнгі жер сілкінісі соңғы жылдары сейсмикалық белсенділігі күшейген Неапольдің батысындағы Флегрей алаңдарында тіркелген ең күшті дүмпу болды. Жер сілкінісі Неаполь қаласы мен оған көршілес елді мекендерде де сезілді.

Италияның Азаматтық қорғаныс министрі Нелло Музумечидің айтуынша, төрт адам жарақат алған. Сондай-ақ тұрғын үйлер мен бірнеше шіркеуге зақым келген.

Азаматтық қорғаныс департаменті төтенше жағдайлар жөніндегі дағдарыс штабын іске қосты. Қазіргі уақытта құтқару қызметтері жер сілкінісінің салдарын бағалап жатыр.

Қауіпсіздік тексерулеріне байланысты Неапольді Флегрей алаңдары маңындағы елді мекендермен байланыстыратын Cumana және Circumflegrea теміржол желілерінде пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Жергілікті билік тұрғындарды сабыр сақтап, ресми органдардың нұсқауларын орындауға шақырды.

Жер сілкінісінен кейін көптеген тұрғын қауіпсіздік үшін көшеге шықты. Неаполь қаласының кейбір аудандары мен оған жақын аумақтарда электр қуатының үзілуі тіркелді.

Еске сала кетсек, бұған дейін 29 шілде күні Жапониядағы жер сілкінісі болып 3 адам қаза тауып, 19 адам із-түзсіз жоғалғанын жаздық. 

Кейіннен жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 адамға жетті

Ал кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.