Нұрай Серікбай ісі: алғашқы сот отырысының күні белгілі болды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысының күні белгіленді.

Фото: Вивидеодан алынған скрин

Алдын ала тыңдау 21 шілде күні сағат 10:00-де Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.

Жәбірленуші тараптың мүддесін адвокаттар Аянхан Омаров пен Мұхаммеджан Ахметов қорғайды.

– Алдын ала тыңдау барысында сот істі мәні бойынша қарауға тағайындау мәселесін шешеді. Сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу тәртібі айқындалып, сот процесіне алқабилердің қатысу мүмкіндігі қаралады, – деді адвокат Аянхан Омаров.

Жәбірленуші тарап өкілдері сот процесінің барынша ашық өтуін және сот отырыстарының онлайн-трансляциясын қамтамасыз етуді сұрайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, биыл 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Тергеу мәліметінше, қызбен таныс болған 28 жастағы Шерхан Аймахан оны дүкен маңында күтіп, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Кейін күдікті қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Іс қоғамда резонанс тудырғаннан кейін Президент тапсырмасымен Шымкент қаласы полициясы қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізілді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қыздың некеге тұруға мәжбүрлеу туралы арызынан кейін тиісті шара қолданбаған полицейлерге қатысты салғырттық фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғады.

Кейін күдіктіге тағылған айып аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабына қайта сараланды. Сонымен қатар сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша да тергеу жүргізілді. Бұл баптар бойынша ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Тергеу барысында күдікті сот-психиатриялық сараптамадан өтіп, есі дұрыс деп танылды.

12 маусымда тергеу аяқталып, қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.