Нұрай Серікбай ісі: cудья айыпталушының жауаптарындағы қайшылықтарға тоқталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында судья Саммидин Темірәлиев айыпталушы Шерхан Аймаханның сотқа дейінгі тергеу кезінде адвокатының қатысуымен берген жауап алу хаттамаларын жария етіп, олардың соттағы қазіргі айғақтарымен сәйкес келмейтінін атап өтті.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі Аянхан Омаров бірқатар маңызды өтінішхатты оқып берді.

Іс материалдарын зерттеу барысында судья айыпталушының бұрынғы жауап алу хаттамаларының бірін жариялады. Құжатқа сәйкес, айыпталушы тергеу барысында оқиға болған күнгі әрекеттерін егжей-тегжейлі сипаттаған. Нұрайдың үйіне қалай келгенін, көлігінен ұзындығы шамамен 25 сантиметр болатын пышақты алғанын, дүкен маңында тұрған қызды көріп, соңынан еріп барып, оған пышақпен бірнеше рет жарақат салғанын айтқан.

Одан кейін алғашқы айғақтарына сәйкес, ол көлігіне отырып, Сайрам ауданының Қасымбек ауылына кеткен. Сол жерде пышақпен өз қолын жарақаттауға әрекет жасаған. Бұдан соң хаттамада көрсетілгендей, ол ауыл маңындағы сайда болған, кейін сол жерден полиция қызметкерлері ұстаған.

Судья бұл айғақтардың соттағы қазіргі нұсқамен мүлде сәйкес келмейтінін айтты. Себебі сотта Аймахан оқиғаны есіне түсіре алмайтынын, аффект күйінде болғанын және алғашқы пышақ жарақатын өзіне Нұрайдың салғанын мәлімдеген.

— Бұрынғы жауаптарыңызда оқиғаны басынан аяғына дейін анық еске алғансыз. Сол кездегі киіміңізді, пышақтың ұзындығын, әрекеттеріңіздің ретін, қайда барғаныңызды, қаруды қайда қалдырғаныңызды айтқансыз. Ал бүгін ештеңе есімде жоқ дейсіз. Мұны қалай түсіндіресіз? — деп сұрады судья Саммидин Темірәлиев.

Аймахан хаттаманы тергеуші мен прокурор жазғанын айтып, түсініксіз жауап беруге тырысты. Бұған жауап ретінде судья жауап алу адвокаттың қатысуымен өткенін, хаттамаға адвокаттың қол қойғанын және тергеу әрекеті бейнежазбаға түсірілгенін еске салды.

— Егер мұны тергеуші жазды десеңіз де, жаныңызда адвокатыңыз болған. Мұнда бәрі ретімен және толық көрсетілген. Қай жауабыңыз дұрыс? — деп сұрады судья.

Айыпталушы тек сотта беріп отырған қазіргі айғақтарын ғана шынайы деп санайтынын, ал жарияланған хаттаманың мазмұнын мойындамайтынын айтты.

Сонымен қатар сот тағы бір қайшылыққа назар аударды. Хаттамалардың бірінде Аймахан Нұрайды Алматыдан алып келгенде туыстарына оның келетінін алдын ала айтып, дайындалуды өтінгенін көрсеткен.

Ал басқа жауабында үйге келгенде ешқандай дайындық болмағанын мәлімдеген.

— Сіз жақындарыңызға: «Дайындалыңдар», — дегенсіз, бірақ кейін үйде ештеңе дайын болмағанын айтасыз. Қай жауабыңыз дұрыс? — деп сұрады судья.

Жәбірленуші тарап «екінші пышақ» туралы нұсқаны жоққа шығарды

Жәбірленуші тараптың өкілі, адвокат Аянхан Омаров сотта айыпталушының нұсқасына, сараптамаларға және дәлелдемелерге қатысты бірнеше өтінішхат берді.

Алғашқы өтінішхат Аймаханның алғашқы пышақ жарақатын өзіне Нұрай салды деген сөзіне қатысты болды. Адвокаттың айтуынша, бұл нұсқа медициналық құжаттармен толықтай жоққа шығарылады.

2026 жылғы 16 қаңтардағы сот-медициналық сараптама қорытындысында айыпталушы қолындағы және іш тұсындағы жарақаттарды өзіне әдейі салғанын түсіндірген. Осындай мәліметтер Шымкент қалалық № 1 клиникалық ауруханасының медициналық құжаттарында да көрсетілген.

— Егер Нұрай шынымен айыпталушыға пышақпен шабуыл жасаған болса, бұл алғашқы медициналық құжаттарда, сараптама қорытындысында және оның бастапқы жауаптарында міндетті түрде көрсетілер еді, бірақ іс материалдарында мұндай деректер жоқ, — деді жәбірленуші тараптың өкілі.

Адвокат соттан Аймаханның қазіргі айғақтарын медициналық құжаттармен салыстырып, анықталған қайшылықтарға құқықтық баға беруді және дәлелденбеген мәлімдемелердің марқұмның ар-намысына нұқсан келтіру құралына айналуына жол бермеуді сұрады.

— Нұрай Серікбай бұл сотта өзін қорғай алмайды. Іс материалдарындағы объективті дәлелдер, куәгерлердің айғақтары, сарапшылардың қорытындылары және басқа да процестік құжаттар бұл жайттарды растайды, — деді Аянхан Омаров.

Анатомиялық манекенді пайдалану ұсынылды

Келесі өтінішхат сот-медициналық сараптамаға қатысты болды. Сараптамаға сәйкес, Нұрайдың денесінен 35 кесілген және сұғылған жарақат анықталған.

Жәбірленуші тарап сараптаманы жүргізген сот-медициналық сарапшы Ж. Пернебековті сотқа шақырып, өлімге себеп болған жарақаттардың орналасуын, бағытын және тереңдігін егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрады.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап сот отырысында марқұмның денесінің фотосуреттері мен бейнежазбаларын көрсетпеуді сұрады. Оның орнына адвокат анатомиялық манекенді пайдаланып, сарапшыға барлық жарақаттардың орналасуын қара маркермен белгілеп көрсетуін ұсынды. Марқұмның отбасы манекенді өз қаражатына сатып алып, сотқа ұсынуға дайын екенін жеткізді.

— Бұл сотқа сараптама қорытындысын көрнекі түрде зерттеуге мүмкіндік береді және марқұмның қадір-қасиетін сақтап, оның ата-анасы мен жақындарының психологиялық жағдайын ескеруге ықпал етеді, — делінген өтінішхатта.

«Аффект» мәселесі бойынша сарапшыларды сотқа шақыру сұралды

Жеке өтінішхат Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтының мамандары жүргізген № 5849 кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамаға қатысты болды.

Аянхан Омаров соттан психиатрлар мен психологтарды (Ж. Загитова, А. Субханбердина, Н. Гринева, Т. Сейтек және К. Қожамжарова) сотқа шақырып, өз қорытындыларын сотта түсіндіруді сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, сарапшыларға Аймахан қылмыс жасаған сәтте аффект күйінде болды ма деген сұрақ қойылған. Комиссия оның физиологиялық аффект күйінде болмағанын, өз әрекеттерінің сипаты мен қауіптілігін толық түсінгенін және оларды басқару қабілетін сақтағанын көрсеткен.

Жәбірленуші тарап сарапшылардың сотқа аффект күйін анықтайтын ғылыми өлшемдерді және айыпталушының әрекеттері (пышақты алдын ала алып жүруі, мақсатты түрде келуі, көптеген соққы жасауы және оқиға орнынан қашуы) мұндай күймен неге үйлеспейтінін түсіндіріп беруін сұрады.

Қылмыс құралына қатысты өтінішхат

Тағы бір өтінішхат қылмыс құралы ретінде танылған «Коршун-2» маркалы, «Кизляр» зауытында шығарылған пышаққа қатысты болды.

Жәбірленуші тараптың өкілі Шымкент қалалық полиция департаментінің криминалисі Г. Жұмағұловты сотқа шақыруды сұрады. Ол пышаққа зерттеу жүргізген маман ретінде оның техникалық және конструкциялық ерекшеліктерін, негізгі мақсатын, жасырын алып жүру мүмкіндігін, сондай-ақ сараптамада көрсетілген 35 ауыр жарақатты салу қабілетін түсіндіруге тиіс.

Өтінішхаттар бойынша процессуалдық шешім келесі сот отырысында қабылданады.

Істі қарау жалғасып жатыр. Келесі кезеңде сот Нұрайдың жақын құрбысы Әлия Серік пен туысы Дәурен Жарылқасынның айғақтарын зерттеуге көшеді.

31 шілдеде сотта оқиға куәгері, сондай-ақ қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағалары жауап берген еді.

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. 

Тергеу мәліметінше, айыпталушы қызға 35 рет пышақ жарақатын салған.

Шерхан Аймаханға некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Айыптар дәлелденген жағдайда, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.