Нұрлыбек Нәлібаев отын-энергетика кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары шеңберінде отын-энергетика кешенін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Жиында жаңа қуат көздерін іске қосу, елді мекендерді газбен қамту, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарлары қаралды.

Энергетика министрлігіне жаңа қуат көздерін уақтылы іске қосу және электр стансаларын жаңғыртуды бақылауға алу тапсырылды. Көмір генерациясының ірі жобалары – Екібастұз МАЭС-3, Курчатовтағы КЭС, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жаңа ЖЭО-ларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді өзектендіру кезінде жасанды интеллект саласындағы жобалар мен деректер орталықтары тарапынан туындайтын электр энергиясына қосымша сұранысты ескеру қажет.

Өңірлерді газдандыру бойынша тұрғындар саны ең көп елді мекендерге басымдық беруге, сондай-ақ тұтынушыларды газ желілеріне қосу мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге баса назар аударылды.

Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары бойынша әкімдіктер құжаттаманы уақтылы дайындауы, сараптамадан өтуді қамтамасыз етуі, мердігерлерді анықтауы қажет. Бұл ретте басты назар құрылыс мерзімі мен сапасының сақталуына, қаражаттардың мақсатты жұмсалуына аударылуы тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірінші басшыларының қойылған міндеттерді орындағанына қатысты, сондай-ақ нысандарды пайдалануға уақытылы берудегі дербес жауапкершілігі атап өтілді.

Айта кетейік, Қазақстан атом энергетикасын үш есеге арттыру бастамасын қолдады.