Нью-Делидегі экологиялық жағдай жұмыс кестесін өзгертуге мәжбүр етті

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан астанасы Нью-Дели билігі ауаның ластануына қарсы күреске бағытталған төрт айлық бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама 2027 жылғы 28 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: ANI

Қыс мезгілінде Нью-Делиде ауаның сапасы күрт нашарлап, қала түтінге оранады. Осы кезеңде зиянды шығарындыларды азайту үшін жоспарда бірқатар шара қарастырылған.

Бағдарлама аясында қала сыртында тіркелген, зиянды шығарындылары жоғары ескі көліктердің Нью-Делиге кіруіне шектеу қойылды. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын құжаты жоқ көліктерге жанармай құюға рұқсат берілмейді.
Бұдан бөлек билік шаң-тозаңның таралуына жол бермеу үшін ғимараттарды бұзуға және ашық алаңдарда құрылыс жүргізуге уақытша тыйым салды.

Сонымен қатар билік жеке көліктерді пайдалануды азайту шараларын қолға алды. Осы мақсатта мекемелерге қызметкерлерінің жартысын қашықтан жұмыс істеуге көшіру ұсынылды. Мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесі енгізіліп, автотұрақ ақысы екі есе қымбаттады. Бағдарламада ауа сапасын бақылауды күшейту, қоғамдық көлікті дамыту және электромобильдерді кеңінен пайдалану да қарастырылған.

Дегенмен қосымша шаралар енгізілгеніне қарамастан, қалада қайтадан қою түтін байқалады. Осыған қатысты тұрғындар көзінің ашып, жөтелдің асқынуына және тыныс алудың қиындауына шағымданып жатыр. Осы аптада қалада ауаның ластануына қарсы іс-қимыл жөніндегі жалпыұлттық жоспардың (GRAP) екінші кезеңі де енгізілді. Бұл кезеңде дизель генераторларын, көмір мен отынды пайдалануға қосымша шектеу қойылған.

Сарапшылар бағдарламаның тиімділігі қабылданған шешімдердің орындалуына байланысты екенін айтады. Олардың пікірінше, ауа сапасын тұрақты жақсарту үшін энергетика, өнеркәсіп және көлік салаларындағы шығарындыларды азайту қажет. Бұдан бөлек Нью-Делиге ауаны ластайтын қалдықтар көршілес штаттардан да тарайды. Сондықтан мәселені шешу үшін өңірлік деңгейде бірлескен шаралар қабылдау маңызды.

Ауаның ластануы Нью-Дели тұрғындарының денсаулығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Қыста қалада ауа сапасының индексі (AQI) 300 балдан асып, өте нашар санатына кіреді. Кей күндері көрсеткіш 500 балға дейін көтеріліп, Үндістан шкаласындағы ең жоғарғы шекке барады. Чикаго университетінің Энергетикалық саясат институты 2025 жылы жариялаған бағалауға сәйкес, ауаның ластануы Нью-Дели тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 8,2 жылға қысқартуы мүмкін.

Бұған дейін Алматы әкімдігі қала ауасын ластайтын негізгі себептерді атағанын хабарлағанбыз.