Алматы әкімдігі қала ауасын ластайтын негізгі себептерді атады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ауаны ластайтын бірнеше фактор бар. Бұл туралы Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.

Алматы әкімдігі қала ауасын ластайтын негізгі себептерді атады
Фото: Алматы әкімдігі

Ведомство мәліметіне сәйкес, Алматыдағы зиянды шығарындыларының жылдық көлемінің шамамен 60 пайызы автокөлікке тиесілі. Бұл жылына 113 мың тоннаға жуық зиянды зат. Дегенмен мамандар мегаполис ауасын тек көлік ластамайтынын айтып отыр.

— Оған көмір және отынмен жылытылатын жеке тұрғын үйлер де әсер етеді. Сондай-ақ қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандардан, соның ішінде моншалар мен қоғамдық тамақтану орындарынан, әсіресе кәуапханалардан шығатын түтін де ауаны ластайды, — деді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар экология және қоршаған орта басқармасының мамандары Алматының табиғи ерекшеліктері де ауа сапасына әсер ететінін атап өтті. Олардың айтуынша, қала Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Қыста, әсіресе желсіз күндері, температуралық инверсия құбылысы байқалады. Яғни, жылы ауа қабаты зиянды шығарындылардың жоғары қарай таралуына кедергі келтіреді. Соның салдарынан ластаушы заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналып қалады.

— Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптарды кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Атап айтқанда, 2025 жылы 30 желтоқсанда бекітілген атмосфералық ауаны қорғау қағидалары ластайтын стационарлық көздерге бақылауды күшейтуді, газ тазарту қондырғыларын пайдалануды, сондай-ақ газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отын жағуды шектеуді қарастырады, — деп атап өтті ведомстводан.

Еске салайық, атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бойынша биыл Алматыда шығарындылары төмен аймақ (LEZ) пилоттық режимде іске қосылды. Ол Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылы шекараларындағы аумақта қолданылып жатыр.

Кейін LEZ аймағының шектеулері мен жұмыс тәртібі түсіндірілді.

Сондай-ақ биыл 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензин, газ және дизель отынымен жүретін автокөліктерге экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өту міндеттелді.