— Мемлекет басшысы еліміздегі туризм мен инфрақұрылымның дамуына баса мән беріп, оның инвесторлар үшін айтарлықтай тартымды сала екенін атап өтті. Осы бағытта алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жедел үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласына тұрақты негізде тексерулер жүргізіліп келеді. Жалпы, өңірлерде оң серпін бар. Бірақ бұл, әрине жеткіліксіз, — деді О. Бектенов.
Жуырда Президент Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті.
— Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады. Сондықтан барлық әкімдіктерге туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырамын. Саланың жай-күйі әкімдердің тұрақты бақылауында болуға тиіс, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Үкімет туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Бұған дейін Олжас Бектенов вандализмге қарсы бақылауды күшейтуді тапсырған еді.