Министрге «Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз және табысты болу үшін сабақты жақсы оқу міндетті ме?» деген сауал қойылды.
«Мектеп білімінің маңызы зор. Оқу бағдарламасынан бөлек, қосымша әдебиеттер оқыған жөн. Бала күнімде ауыл кітапханасынан шықпайтын едім. Халық ертегілері мен шығармаларды жарыса оқитынбыз. Бұл маған өмірде көмектесті. Сондықтан да, балаларға мектеп бағдарламасынан тыс қосымша әдебиеттер оқуға кеңес беремін. Қосымша білімнің баланың жетілуінде үлесі зор», - деп жауап берді Ғани Бейсембаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.
Сондай-ақ, министр бала күнінде мұғалім болуды армандағанын және сабақты «жақсы» деген бағамен оқығанын айтты.
«Ұстаз болуды армандадым. Қазір де ұстазбын деп айта аламын», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Жиында белгілі болғанындай, биыл мектеп әжетханалары толықтай ішке ауыстырылады.
Сондай-ақ, аталған ведомство басшысы елімізде балалар үйлерінің жабылуына қатысты сауалға жауап берді.
Ғани Бейсембаев тәрбиешілер балаларды ұрып-соқпас үшін жергілікті органдар бақылауды күшейту керектігін тілге тиек етті.
Фото: primeminister.kz