Өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның үкімін апелляция өзгеріссіз қалдырды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты сотталған Шерхан Аймаханның үкімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалдырылды.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 тамыздағы үкіміне жәбірленушілердің өкілдері Омаров пен Ахметов, сондай-ақ адвокаттар Құрманбаев пен Әбдиев апелляциялық шағым берген.

Істі апелляциялық тәртіппен қараған сот алқасына Бәйдібек Дүйсебеков төрағалық етті.

Сот алқасы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 431-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағын, 443 және 444 баптарын басшылыққа ала отырып, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы шығарды. Апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сонымен қатар сот үкімінің қарар бөлігіндегі жаза тағайындауға қатысты бөлігі нақтыланды.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

— «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігінің талаптары негізінде жазаларды толық қосу арқылы Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша Аймаханға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деген сөздермен ауыстырылсын, — деді сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Сот қаулысы жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді. Наразы жақ қаулы жария етілген күннен бастап сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша бір жыл ішінде, ал өзге негіздер бойынша мерзімі шектелмей кассациялық шағым немесе наразылық беруге құқылы.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Еске салайық, студент Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Сот анықтағандай, Шерхан Аймахан қызды үйінің маңында күтіп тұрып, оған пышақпен 35 рет жарақат салған

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, кісі өлтіруге дейін Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдыған. Қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Аймахан қызды Алматыдан Шымкентке күш қолданып алып кетіп, мәжбүрлі түрде некеге тұрғызбақ болған

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері Шерхан Аймаханды адам ұрлағаны үшін жауапкершілікке тартпаған. Кейін сот-психологиялық сараптама Нұрайдың бейнетүсірілімдегі түсініктемесіне күмән келтірген

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Ішкі істер министрлігі Нұрайдың отбасының өтінішімен бұрын жұмыс істеген Шымкент полиция қызметкерлерінің ықтимал қызметтік салғырттығы фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғаған

Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды, бірнеше қызметкер ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды

13 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерхан Аймаханды Нұрай Серікбайды өлтіргені, некеге тұруға мәжбүрлегені және аңдығаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды

Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Тараптардың оны 15 тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы болған.

Фото: Сәбит Тастанбек /Kazinform

Үкім жарияланғаннан кейін Аймаханның қорғаушылары сот шешімімен толық келіспейтіндерін мәлімдеген. Сол кезде адвокаттар үкімнің толық мәтінін алып, зерттегеннен кейін апелляциялық шағым беру мәселесін шешетіндерін айтқан

Шерхан Аймаханның қорғаушылары өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді

Нұрай Серікбайдың отбасы өкілдері апелляциялық шағымға қатысты өз уәждерін ұсынды