Өңірлерде жаңа вокзалдар, су құбыры, логистикалық хаб және тұрғын үйлер пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік және көлік нысандарын салу, халықты сапалы ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Өткен аптада еліміздің бірнеше өңірінде жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды.

Ақмола облысында Курорт – Бурабай, Ақкөл, Макинск, Шортанды, Жақсы, Сарыоба, Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск, Жалтыр және Аршалы стансаларындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау аяқталды. Апатты және ескірген ғимараттардың орнына кеңейтілген күту залдары бар жаңа кешендер салынды. Инженерлік желілер мен перрондар толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта жасалды. Сондай-ақ заманауи желдету, ауаны баптау және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды.

Ақтөбе облысында Шалқар және Шұбарқұдық теміржол вокзалдары жаңғыртылды. Қайта жаңарту барысында ғимараттардың қасбеті, шатыры, инженерлік желілері мен ішкі бөлмелері жөнделіп, жаңа жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Соның нәтижесінде Шалқар вокзалының аумағы 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге, ал Шұбарқұдық вокзалы 111,2 шаршы метрден 207,3 шаршы метрге дейін ұлғайды.

Алматы облысының Іле ауданында жылына 3,5 млн шина сақтауға қауқарлы San Baiserke қойма кешені пайдалануға берілді. Нысан ТМД аумағындағы шиналарды сақтауға арналған ең ірі логистикалық хабқа айналды. Жалпы аумағы 22,6 гектар болатын кешен құрамына қоймалар, қайта өңдеу зауыты, сервистік орталық, сондай-ақ 180 орындық жатақхана мен саябағы бар әлеуметтік инфрақұрылым кіреді. Логистикалық орталық Қазақстан өңірлері мен Орталық Азия елдеріне өнімді көтерме жеткізуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында ұзындығы 39,3 шақырым болатын «Тама–Тастанбек» топтық су құбыры іске қосылды. Жоба нәтижесінде Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны жерасты су көздерінен алынатын сапалы ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз етіледі.

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 30 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жоба облыс әкімдігі мен Отбасы банкі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылды.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде өңірлерде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік және көлік нысандарын дамыту, сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, Қызылордада 300 орындық аурухана, Президенттік кітапхана және жаңа театр салынып жатыр.