Оңтүстік Корея OLED технологиясын дамытуға 369 млрд вон инвестиция салады

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея Қытаймен бәсекелестік аясында жаңа буын дисплейлерін әзірлеуге шамамен 369 млрд вон бағыттайды, деп хабарлайды Aju News .

Фото: LG Display

2027-2033 жылдар аралығында Асан қаласында ұлттық зерттеу орталығын құру жоспарланып отыр. Онда 20 технологиялық жоба бойынша зерттеу жүргізіледі.

Жаңа әзірлемелер қатарында кеңейтілген шынайылық құрылғыларына арналған аса жоғары ажыратымдылықтағы экрандар, биометриялық датчиктері бар дисплейлер және созылмалы панельдер бар. Соңғыларын адам тәрізді роботтардың жасанды терісі ретінде пайдалануға болады.

Жаңа платформа прототиптерді сынақтан өткізу мерзімін 6 айдан бір айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Инвестиция Қытай өндірушілерінің бәсекелестігі күшейген тұста қолға алынбақ. Соңғы 5 жылда Samsung Display және LG Display компанияларының әлемдік шағын және орта өлшемді OLED панельдері нарығындағы жиынтық үлесі табыс көлемі бойынша 85,5 пайыздан 64 пайызға дейін төмендеген.

Сонымен қатар Samsung Display және LG Display технологиялық басымдығын сақтап қалу мақсатында OLED дисплейлерін өндіру қуатын арттыруға триллиондаған вон инвестиция салып жатыр.

Бұған дейін Азия әлемдік технология нарығындағы орнын нығайтып келетінін жазған болатынбыз.