OpenAI балаларды қорғау үшін ChatGPT-ге жасты тексеретін жүйе енгізеді

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық OpenAI компаниясы ChatGPT пайдаланушыларының жасын тексеру жүйесін енгізбек. Жүйе кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталған. Шешім калифорниялық жасөспірім қайтыс болғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Guardian-ға сілтеме жасап.

Енді пайдаланушының жасы платформамен өзара әрекеттесу кезінде анықталады. Күмән туындаған кезде, ChatGPT автоматты түрде «18 жасқа дейін» профилімен шектеледі, ал кейбір жағдайларда құжаттар арқылы жасын растау қажет.

Кәмелетке толмағандар үшін графикалық жыныстық мазмұн мен суицид туралы пікірталастар, сондай-ақ флирт формалары мен психологиялық қауіпті тақырыптар шектеледі. Суицидтік ойлардың белгілері анықталған кезде ата-аналарға немесе тиісті органдарға хабарлау жоспарланып отыр.

OpenAI жаңа шаралар жасөспірімдер мен психологиялық проблемалары бар пайдаланушылардың қауіпсіздігін бірінші орынға қояды, тіпті бұл құпиялылық деңгейін төмендетсе де. Компания сонымен қатар деректерді қорғауды күшейтеді және қызметкерлердің оларға қол жеткізуін шектейді.

Айта кетейік, сәуір айында АҚШ-та 16 жастағы жасөспірім өзін-өзі өлтіру мәселелерін талқылап, чат-ботпен бірнеше ай сөйлескеннен кейін өз-өзіне қол жұмсады. Жасөспірімнің отбасы OpenAI мен бас директор Сэм Альтманға қарсы шағымданып, платформа оның шешіміне әсер етті деп айыптады.

Сонымен қатар АҚШ-та ChatGPT жасанды интеллекті бұрынғы Yahoo қызметкерін анасын өлтіріп, артынша өзін-өзі өлтіруге итермелеген болуы мүмкін. 56 жастағы Эрик Сольберг паранойядан зардап шеккен. Ол өзін үнемі технологиялар арқылы аңдып жүр деп ойлаған, тіпті оны қарт анасы да бақылайды деп сенген. Эрик бұл күмәндерін чат-ботпен бөліскен, ал ChatGPT оның ақыл-есі дұрыс екенін айтып, оның ойларымен келіскен.

ChatGPT-пен жеке әңгімелесу заңдық кепілдіктермен қорғалмайды және оларды сот процестерінде пайдалануға болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев ChatGPT-дің көмегіне жүгінген кезде деректерді ұрлатып алмау үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін айтты.