Орал қаласында суға кеткен 300-ге жуық саяжай үйіне техникалық тексеру жүргізілді

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында суға кеткен саяжай учаскелері бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, күні бүгін облыс орталығы бойынша біржолғы әлеуметтік көмек көрсету бойынша 7 992 өтініш түсті. Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, 3 104 өтініш бойынша тексеру актісі жасалып, 2 522 отбасына барлығы 931,1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді.

«Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге залалды өтеу бойынша 9 638 өтініш түсті. Техникалық тексеру жұмысы 4 мамырда басталды. Қазіргі уақытта қала бойынша 6 ұйым жұмыс істеп жатыр. Оларға Орал қаласының әкімдігімен 1 300 мекенжай бойынша техникалық тексеру жүргізу үшін хат жолданды», - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, күні бүгінге дейін саяжай учаскелері бойынша 299 мекенжайда техникалық тексеру жүргізілді: «Үміткер» – 20, «Ягодка» - 26, «Венера» - 92, «Речник» - 61, «Путеец», «Вишневый сад», «Нива», «Парус», «Нұрлы жол» - 44, «Волна», «Труд», «Газовик» - 39 үй.

Осы бағыттағы жұмыс қалған мекенжайлар бойынша техникалық тексеруге толық мүмкіндік болғанда, яғни су қажетті деңгейге түскен кезде жалғасады.

«Қазір қаладағы эвакуациялық пункттерде 2 300 адам бар. «Венера», «Речник», «Труд», «Газовик», «Волна», «Үміткер» саяжайларының тұрғындары өз мекенжайына қайтып жатыр. Осы уақытқа дейін 200-ден астам отбасы үйлеріне оралды», - деді қала әкімінің орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында суға кеткен барлық саяжай техникалық тексеруден өтетінін жазған болатынбыз.

БҚО-да Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ гидробекетінде тұрақтады.