ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда із-түзсіз жоғалып кеткен 48 жастағы әйел 10 күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Әмина Шаханова 21 мамыр күні шамамен сағат 13.00-де Зачаган кентіндегі Қажымұқан көшесі 27-мекенжайында орналасқан үйінен шығып кеткеннен оралмаған.
«Ерекше белгілері жоқ, толық денелі, бойы 160-165 см, шашы иығына түскен, қара. Үстіне қызыл күрте, қара шалбар, аяғына ақ кроссовка киген. Әйелді көрген, қайда жүргенін білетін адамдар болса, 8(7112)-92-18-04, 92-18-96, 8-702-790-44-50, 8-705-747-99-99 телефондарына қоңырау шалулары сұралады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да зират ескерткіштерін қиратқан балалар болып шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Астрахан-Атырау жолаушылар пойызында 25 жастағы келіншек босанып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).